

Бәлкім, итіңіз бұрын өзінен басқа жануарлардың жоқ екеніне үйреніп алған шығар, сондықтан алдымен ол үшін үйде бәсекелестің, яғни тағы бір үй жануарының пайда болуы — нағыз соққы болмақ! Төменде келтірілген кейбір пайдалы кеңестер бұл танысуды оңай және тыныш болуына көмектеседі.

Бір ересек итті екіншісімен таныстырған кезде олар бірден достаспай қалса, таңғалмаңыз. Егер танысу процесі сіз қалағандай тез өтпесе, мұңаймаңыз және үй жануарларыңыз бір-бірін жақсы білуі үшін оларды үйден алысырақ, тыныш бейтарап аумаққа апару керек (ең дұрысы – ол аумақты екі ит те білмеуі керек). Ең бастысы, есіңізде болсын: әдетте, үй жануарларыңыздың сәтті танысуына және берік достығына кедергі келтіретін себептер жоқ.

Жаңа үй жануарыңыз, күшік болсын, ересек ит болсын, жаңа үйде өзін жайлы және тыныш сезінгеннен кейін, оны мысықпен таныстырудың уақыты келді. Есіңізде болсын, шыдамды болуыңыз керек, бұрын үлпілдек досыңыз ешқашан достық шырайлы итпен өмір сүрмесе, оған үйдегі жаңа көршісіне үйренуіне уақыт беруіңіз керек. Бейтаныс итті көргенде мысықтар әдетте, ысылдап, төбелеседі немесе қашып кетеді де, оқшауланған жерге жасырылады.
Итті мысықпен таныстыру кезінде назар аудару керек ең маңызды нәрсе – үй жануарыңыздың екеуінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әдетте, иттер мысықтарды көргенде өте белсенді болып, жандана түседі, сондықтан жануарлар бір-бірімен тіл табысқанша біраз уақыт қажет болуы мүмкін. Егер бірнеше рет танысқаннан кейін итіңіз мысыққа ашуланып, агрессиясын көрсетсе, кәсіби кеңес пен көмек алу үшін ветеринар дәрігерден немесе үй жануарларының мінез-құлқы жөніндегі маманнан кеңес алыңыз.
Күшікті мысықпен таныстыру біршама қорқынышты болып көрінуі мүмкін, бірақ сіздің басты міндетіңіз — үй жануарларына босаңсуға және бір-бірінің қасында өздерін жайлы сезінуге көмектесу екенін ұмытпаңыз. Бұл жағдайда мысықтың (немесе марғаудың) қауіпсіз жерде, ит жете алмайтын жерде екеніне көз жеткізіңіз. Өз кезегінде, қиындықтардан аулақ болу үшін алдымен итіңізді жетектеп ұстауға тырысыңыз.
Егер үй жануарларыңыз жақын дос болмаса, алаңдамаңыз. Мысықтар табиғатынан өте тәуелсіз, егер ит оған ұнап қалса да, оның бар екеніне мойынсұнса да, ол итті елемеуі мүмкін. Алайда, көп жағдайда бірге тұратын мысықтар мен иттер уақыт өте келе жақын және ажырамас дос болады, дегенмен қарым-қатынас ережелерін мысық белгілейді. Есіңізде болсын: үй жануарларыңыздың әрқайсысының жеке кеңістігі болған кезде бәрі жақсы болады!