Барлық әкімшілік мәселелер шешілгеннен кейін жаңа досыңызға қажет заттардың тізімін жасап, дүкенге баратын уақыт келді
Бұл көңілді әрекет, өзіңізді тоқтатып, бүкіл дүкенді сатып алмау үшін керемет ерік-жігер қажет болады! Барлығын сатып алғың келеді, бірақ алдымен келесі заттарды сатып алу керек:
- Екі итаяқ: біреуі азық үшін, екіншісі су үшін. Қыш немесе тот баспайтын болат сатып алған дұрыс, оларды тазарту оңай.
- Нейлон немесе былғары қарғыбау және мойын жіп. Итіңізді тыныш жерде серуендеуге және оны бар күшіңізбен тартпауға үйрету үшін жұмсақ тұмылдырық сатып алу қажет болуы мүмкін. Бұл жаттығу және үйрету
процесін жеңілдетеді және үлкен ересек иттің сізді шаршатуына жол бермейді.
- Жүн күтіміне (груминг) арналған керек-жарақтар.
- Ит үшін қызықты және мүлдем қауіпсіз, соның ішінде қозғалыс белсенділігін ынталандыратын ойыншықтар.
- Жатын орын. Дүкендерде иттер жататын жердің үлкен таңдауы бар, сондықтан үй жануарыңыздың көлеміне сәйкес келетін, сонымен қатар оның темпераментіне сәйкес келетін біреуін таңдауға мүмкіндігіңіз бар
(мысалы, кейбір жатын орындарын басқаларына қарағанда жырту оңай). Жатын орынның қай түрін таңдасаңыз да, оны шулы және өкпек желден алысырақ, тыныш және алаңдамайтын жерге орнатыңыз.
- Тордан немесе қораптан жасалған үйшік. Есіңізде болсын: күшіктерге түрлі себеттер мен жәшіктер өте ұнайды, олар оны өздерінің берік қамалдарына айналдыра алады. Егер қорапты көрпемен жауып, оған
жатын орын қойсаңыз, бұл құрылым үй жануарыңыз үшін нағыз ұяға айналады, онда тыныштықты қалаған кезінде жасырынып, демала алады. Сонымен қатар мұндай жәшіктер мен қораптарды орналастыру сізге төрт
аяқты досыңыздың жаттығу процесін тездетуге көмектеседі, өйткені күшіктер өздерінің жасырын орнының лас болғанын ұнатпайды, демек олар ұясында ғана емес, бүкіл үйде де тазалық сақтауды тез үйренеді.
- Азық. Ит асыраушыдан немесе иттердің панажайынан күшігіңіздің бұрын не жегенін біліп алыңыз және сол рационды кем дегенде бір апта бойы сақтауға тырысыңыз. Уақыт өте келе, қажет болған жағдайда оны
жаңа рационға ауыстыруға болады.