Буаз болу – үй жануарыңыздың өміріндегі ауыр кезең


Буаз кезінде мүмкіндігінше күшті, сау және көңілді болу үшін итіңізге өте көп протеин мен энергия қажет. Назар аударыңыз – үй жануарыңыздың организміне қажет барлық қоректік заттар мен микроэлементтер күшіктерге арналған азықтың құрамында болады. Шағылысып, ұрықтанғанға дейін итті күшіктерге арналған жоғары сапалы азыққа ауыстыруға кеңес береміз. Есіңізде болсын, мұндай азыққа ауыстыру 7-10 күнге созылуы, баяу және біртіндеп өзгеруі керек, бұл үй жануарыңыздың асқазанын бұзып алуға жол бермейді. Ит күшіктегеннен кейін біраз уақыт, тіпті, күшіктерін суалтқанға дейін оған күшіктерге арналған азық берген жөн.
Буаз иттің азықтану рационы көбінесе оның физикалық жағдайына, сондай-ақ үй жануарыңыз қазіргі уақытта зардап шегетін немесе бұрын ауырған ауруларға байланысты. Сондықтан буаз үй жануарыңыздың рационын түбегейлі өзгертпес бұрын тәжірибелі ветеринар дәрігермен кеңесу керек.
Сонымен қатар итіңіздің рационына өзгерістер енгізбес бұрын, белгілі бір медициналық себептерге байланысты үй жануарыңызды арнайы диеталық азықпен тамақтандыру керек болса немесе оның асқазаны өте сезімтал болса міндетті түрде ветеринар дәрігермен кеңесуіңіз керек.
Тұтынылатын азық мөлшерін арттыру
Жүкті әйелдер сияқты буаз иттердің де алғашқы апталарда таңертең жүрек айнуы мүмкін, сондықтан үй жануарының организмінде болып жатқан жаңа сезімдерге бейімделуге уақыт беріңіз, содан кейін күн сайынғы азық мөлшерін көбейте бастаңыз.
Буаздықтың бесінші аптасынан бастап иттің күн сайынғы рационының орташа мөлшерін жеті күн сайын біртіндеп көбейте бастаңыз, тоғызыншы аптаға дейін күн сайынғы азық мөлшері әдеттегіден, үштен біріне артады. Оқиға ойдағыдай дамып жатса, бұл кезде буаз иттің салмағы шамамен 25%-ға немесе одан да көп пайызға өсуі керек, әсіресе, көп күшік туамын деп күтіп жүрген жағдайда.
Ауызсу үнемі көрінетін жерде тұруы керек
Таза ауызсу үнемі буаз итіңізге көрінетін жерде тұруы керек. Әсіресе, осы кезеңде ол көп суды қажет етеді. Үй жануарыңыз кез келген уақытта су ішу үшін оны іздеуге көп күш жұмсамау және тым алысқа бармау үшін үйіңізге су құйылған бірнеше ыдыс қойып қойыңыз. Бұл әсіресе, ит буаздығының кейінгі кезеңдерінде өте маңызды.
Дене жаттығулары
Буаз итпен үнемі серуендеңіз, бұл оның күш жинауына және күшіктердің тезірек туылуына көмектеседі. Сонымен қатар физикалық белсенділіктің жоғары болуына, қарқынды жаттығуларға, үйрету жаттығуларға және көрмелерге қатысуына жол бермеу керек — мұның бәрі буаз үй жануарыңыз үшін өте ауыр болуы мүмкін, ал жақын физикалық байланыс және басқа, қимылы жылдам иттермен соқтығысу жарақаттануға әкелуі мүмкін, әлі туылмаған күшіктердің іште дамуына зиян келтіруі мүмкін.
Есіңізде болсын: таза ауада серуендеу буаз иттің физикалық жағдайын қалпында сақтауға ғана емес, сонымен бірге оның алдағы күшіктеу кезеңін бастан кешіру қабілетіне де оң әсер етеді. Үй жануарыңыз буаз болған кезде оның серуендеу уақытын қысқартуға тырысыңыз, бірақ серуендеуге жиі шығыңыз, өйткені туатын сәті жақындаған сайын ол көбірек шаршайды. Ең дұрысы – оны күніне үш-бес рет далаға шығару керек.
Енесінің сүтімен бірге күшіктерге енесінің иммунитеті де беріледі, сондықтан ұрықтандырудан бұрын итіңізге барлық қажетті егулер жасалғанына көз жеткізуге тырысыңыз, Сонда оның организміндегі антиденелер деңгейі (демек, туылатын күшіктердің организмінде де) барынша жоғары болады.
Егер буаз итіңізге барлық қажетті егулер уақытында салынбаса, мүмкіндігінше тезірек ветеринар дәрігермен кеңесіп, осы жағдайды талқылаңыз. Әрине, алаңдауға себеп жоқ: кейбір екпелерді буаз кезінде де салуға болады, ең бастысы олар ит пен оның туылатын күшіктеріне зиян тигізбейтініне көз жеткізу керек.Буаз кезінде иттеріңізді бүргелер мен құрттардан тазартуға рұқсат етіледі, бұл буаз итіңіздің денсаулығына күтім жасаудың ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Әдетте, иттердің буаздық кезеңі бірқалыпты және қиындықсыз өтеді. Алайда кейде белгілі бір қиындықтар туындауы мүмкін, жауапкершілігі мол әрі қамқор қожайын ретінде мұндай асқынулардың негізгі белгілері мен симптомдары туралы ақпараттан хабардар болуыңыз керек.
Эклампсия
Мысықтардан айырмашылығы, иттер буаз кезінде және туғаннан кейінгі кезеңде эклампсияның (яғни кеш болатын токсикоз түрі) асқынуына бейім. Аурудың себебі – иттің организміндегі кальцийдің төмен деңгейі.
Эклампсияның ең айқын белгісі – тырыспа, ашушаңдық және үнемі мазасыздану. Егер итіңізден осындай белгілердің бірін байқасаңыз, мүмкіндігінше тезірек тәжірибелі ветеринар дәрігермен кеңесіңіз, өйткені уақытылы емделмеген жағдайда эклампсия төрт аяқты досыңыздың денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
Кесарь тілігі
Егер күшіктеу кезінде итіңіз бар күшімен тырысып, күшеніп жатқанын байқасаңыз, бірақ күшіктер шықпай жатса, онда оған шұғыл хирургиялық көмек керек, яғни кесарь тілігі жасалуы мүмкін
Кейбір жағдайларда кесарь тілігін жоспарлауға болады, атап айтқанда, күшіктерінің бастары үлкен болып туылатын ит тұқымдары (мысалы, мопстар мен чихуахуа). Сонымен қатар бульдогтарға әрқашан кесарь тілігі жасалады екен, бұл олардың бас сүйегінің ерекше пішініне байланысты.
Иттерде буаз кезінде пайда болатын асқынулар туралы толық ақпаратты «Иттердің күшіктеу кезінде не нәрсеге ерекше назар аудару керек?» бөлімінен таба аласыз
«Үйшік» жасау
Буаз итіңіз осы кезеңнің кейінгі мерзімдерінде тып-тыныш, оңашаланған жер тауып, үйдегі күнделікті қарбаластан қашықтап, күшіктерін сол жерде тууды қалайтын шығар. Итті осындай «үйшікпен» жабдықтай аласыз, мұнда жануарыңыз өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінеді.
Олар үшін күшіктеуге ең жақсы жер көрпе, төсек жайма және орамал төселген үлкен қатырма қағаз қорабы болмақ. Оны басқа үй жануарлары немесе балалар мазаламайтындай қандай да бір тыныш әрі жайлы жерге қойыңыз. Буаз иттер қожайынының көрсеткен көмегіне көңіл бөлмей, «үйшік» ретінде басқа жерлерді таңдап жатады. Десе де ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ: жануарыңыз сіз таңдаған жерге оралуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап көріңіз.
«Үйшік» орналасқан жердегі бөлме температурасын сақтаңыз, сондай-ақ өкпек желдің жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Сонда ит те, оның күшіктері де өздерін тыныш әрі жайлы сезінетініне сенімді бола аласыз.