Буаз итіңіз үйде өзінің жеке орнының болғанын, ол жерде күнделікті қарбаластан қашықтап, ойдағыдай демалып, содан кейін күшіктерін сол жерде тууды қалайтын шығар. Буаз болған кезеңнің соңғы екі аптасында үй жануарыңызды міндетті түрде осындай «үйшікпен» жабдықтауды ұмытпаңыз.
Олар үшін күшіктеуге ең жақсы жер жаялық, таза көрпе, төсек жай және орамал төселген үлкен қатырма қағаз қорабы болмақ. Мұндай «үйшікте» ит үшін де, оның болашақ күшіктері үшін де жеткілікті орын бар екеніне көз жеткізіңіз — олардың бәрі сыятындай кең және ыңғайлы болуы керек. Сонымен қатар қорап кішкентай тентектер шығып кетпейтіндей биік болуы керек.
Иттер көбіне, асүйде күшіктеуге тырысады, өйткені олар бұл жерді сенімді және өте қауіпсіз деп қабылдайды. Сонымен қатар олар үшін асүй тоқшылық мекені болып саналады.
«Үйшікті» үйіңіздегі тыныш және жайлы жерге қойыңыз, онда болашақ ене болатын итті ешкім мазаламайды. Сонымен қатар ол жердегі бөлме температурасын сақтаңыз. Ит болашақта күшіктейтін жеріне тез үйренуі үшін сүйікті төсеніші мен ойыншықтарын сол жерге апарыңыз (әрине, таза болса), осылайша жайлылық атмосферасын жасаңыз.
Әдетте, иттердің күшіктеуі тыныш және бірқалыпты өтеді, бірақ соған қарамастан, белгілі бір күтпеген жағдайлар немесе медициналық асқынулар туындаған жағдайда қажет нәрсенің бәрі қолыңызда болғаны жақсы.
Күшіктер туылғанға дейін ветеринар дәрігердің телефон нөмірін міндетті түрде жазып алуды ұмытпаңыз, оның нөмірі кез келген уақытта, тіпті, жұмыстан тыс уақытта да қол жетімді болуы керек, бұл өте маңызды, өйткені иттер көбінесе, түнде күшіктейді. Сонымен қатар күшіктеу кезінде үй жануарыңызда қиындықтар немесе асқынулар болса, оны дәрігерге апару қажет болуы мүмкін, сондықтан қажетті көлік құралының бар-жоғын алдын ала ойластырыңыз!
Егер итіңізге күшіктеген кезде көмек қажет болса, қолыңызда кішкентай маникюр қайшысы мен бірнеше таза құрғақ сүлгінің бар екеніне көз жеткізіңіз. Егер күшіктер көп болса, онда барлық күшікті салу үшін себет қажет болуы мүмкін.
Егер күшіктерді енесінен алып алуды жоспарласаңыз, олар жататын жер жылы болуы керек екенін естен шығармаңыз. Ол үшін арнайы мықты жылытқыш қолдануды ұсынамыз, ыстық су құйылған пластик бөтелкені қолданбаңыз, күшіктер оны өткір тістерімен және тырнақтарымен оңай тесіп, тіпті, жарып тастай алады.Жақындап келе жатқан күшіктеудің алғашқы белгілерінің бірі – итіңіздің дене температурасы 38,5°C-тан 37°C-қа дейін күрт төмендейді.
Осы сәтті жіберіп алмау үшін, буаздықтың соңғы аптасында күніне екі рет иттің дене температурасын арнайы тік ішек термометрімен өлшеңіз. Егер мұны қалай дұрыс жасау керектігін білмесеңіз, ветеринар дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Егер үй жануарыңыз температураны өлшеудің мұндай әдісіне мүлдем шыдамаса және ол оны қатты мазаласа, мұндай әрекеттерден бас тартқан дұрыс, өйткені күшіктегенге дейін буаз ит өзін мүмкіндігінше жайлы және тыныш сезінуі керек.
Буаз болған кезеңнің соңғы аптасында буаз ит оңашаланатын тыныш жер іздеп, аздап алаңдап, мазасыздануы мүмкін. Күшіктері туылғанға дейін 12-24 сағат бұрын пайда болатын жақындап келе жатқан күшіктеудің басқа белгілері – төсеніште әбігерге түсу және тәбеттің жоғалуы.
Кейбір жағдайларда үй жануарыңыз сіз жасаған «үйшікті» үйдің басқа жеріне, өзіне ыңғайлы жерге апарып қоюы мүмкін. Егер мұндай жағдай орын алса, араласпауға тырысыңыз және иттің қалаған жерде күшіктеуіне мүмкіндік беріңіз.
Бақытымызға орай, әдетте, қожайынға иттің күшіктеу процесіне араласудың қажеті жоқ, бірақ үй жануарына сіздің көмегіңіз қажет болуы мүмкін жағдайлар кездеседі. Төменде итіңізге көмек көрсетуге тура келетін жағдайлар келтірілген.
Күшіктеу кезеңдері және буаз кезіндегі ықтимал асқынулар туралы қосымша ақпаратты «Иттер туған кезде не нәрсеге ерекше назар аудару керек?» бөлімінен ала аласыз.
Күшіктеудің аяқталғанына және барлық күшіктердің сау әрі көңілді екеніне көз жеткізгеннен кейін, туған итті тамақтандырыңыз және су беріңіз. Итті буаз кезінде берген азықпен азықтандырыңыз, өйткені туғаннан кейін үй жануарыңыз таныс әрі асқазанын оңай қорытатын азық жеуі керек.
Үй жануарыңызға таза ауаға шығып, дәретханаға баруға көмектесіңіз, сөзіме сеніңіз, күшіктерді туғаннан кейін дәретке бару өте қиын. Күшіктеген кезде кірленген нәрсенің бәрін тастаңыз да, жаңа отбасының демалып, бірге болуына уақыт беріңіз.
Егер туылғаннан кейін бір сағат ішінде күшік енесін ембесе және оның сүтінің дәмін татпаса, енесінің емізігін табуға көмектесуіңіз керек, өйткені ол аш! Егер үй жануарыңыздың күшіктері емшегінен көп болса, онда бастапқыда күшіктерді кезекпен емізу керек, кейін олар бір-біріне жол беріп үйренеді.
Күшіктерінің бәрі туылып, күшіктеу барысы аяқталғаннан кейін де ит күшенуін жалғастыра берсе немесе жаңа туылған күшіктерге немқұрайлы қараса, оларды тамақтандырмаса немесе жалап алмаса, бұл мәселе бойынша ветеринар дәрігермен міндетті түрде кеңесуді ұмытпаңыз.
Есіңізде болсын, кейбір жағдайларда күшіктерді туғаннан кейін қолмен тамақтандыру қажет болады. Егер осы тақырып бойынша белгілі бір сұрақтар туындаса, ветеринар дәрігермен кеңесуді ұмытпаңыз, ол сізге мұндай жағдайда не істеу керектігін айтады.
Енді, босану аяқталғаннан кейін осы таңғажайып және көптен күткен оқиға болып табылатын күшіктердің туылуынан ләззат алуыңыз керек! Құтты болсын!